Open login
Главная Новости Күзде кеш өткізсек деген жоспарымыз бар.
Күзде кеш өткізсек деген жоспарымыз бар.
23.07.2016 01:58   

http://aikyn.kz/ 21.07.2016

Ділмұрат БАХАРОВ, әнші-композитор, «Дервиши» тобының жетекшісі:

– Сізбен кең көлемде сұхбат құрып, топтың жаңалықтарымен  бөліспегелі біраз уақыт болыпты. Көпшілікке жеткізгіңіз келетін бірқатар жаңалықтарыңыз бар сияқты...
– 2010 жылы Астана қаласында топтың 10 жылдық мерейтойына орай есеп беру концертін өткізгеннен кейін бірнеше жобаны өмірге әкелдік. Соның бірі ретінде этно-джаз жанрындағы альбомымызды мысалға келтірсем болады. Oriental Express деп аталады. Тәжірибелі әрлеуші мамандар Виктор Хоменков, Валерий Насибуллин, Рустам Ниязов  және «Дервиши» тобының біріккен еңбегі. Жинаққа осыған дейін жарық көрген топтамаларымыздағы таңдаулы әндердің аспаптық композициялары енді. Осы бағдарламамен Астана, Душанбе, Алматы қаласында ұйымдастырылған джаз фестивальдерінде өнер көрсеттік. Қазіргі таңда өзге де мемлекеттерде өтіп жатқан іс-шараларға қатысуға келісімдер жүргізудеміз. Ал сәуір айында «Әнім менің» атты қазақ, ұйғыр, орыс тіліндегі СД дискіміз тыңдаушыларымызға жол тартты. Жинақталған 10 әннің төртеуіне бейнебаян түсірілді. «Тақия» (Тюбетейка) және шәкіртім Раш Тохтахуновпен бірігіп орындалған «Үнсіз махаббат» (Молчаливая любовь) эфирде таралып жатыр. Бұйыртса, күзге қарай «Айгүлім», «Саламалейкум» көрермен назарына ұсынылады. Осы жұмыстармен қатар халықтың жоғары бағасын алған әндерімізді ремикс өңдеуден өткізіп, DERVISHI Remixes альбомын аяқтап бітірдік. Сауда орталықтарының бірінде таныстырылымына орай шоу-бағдарлама ұйымдастырып, 6 мың данамен шыққан үнтаспаларымызды тараттық. Енді Құдай қаласа, күз айының бірінде Республика сарайында шығармашылық концерт қойсақ деп көздеп отырмыз. Бұл концертті былтыр желтоқсан айына жоспарлаған едік. Қаржылық дағдарысқа байланысты кейінге шегердік. Көктемде тағы реті келмеді. Биыл топтың құрылғанына 17 жыл толды. Сондықтан әдеттегі шығармашылық есеп деп қабылдауларыңызға болады. Әрине, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне арналады. Алдағы кешке қарағанда бағдарламада сәл өзгешелік болса дейміз. Бағдарламамыз сақадай-сай соңғы дайындықтар, келіссөздер, техникалық әзірліктер жүріп жатыр.

– Сіздер топтың алғашқы клиптерін шетелде көп түсірдіңіздер. Соңғы уақыт­тары отандық режиссерлермен қоян-қолтық жұмыс істей бастағандарыңызды байқаймыз...

– Бұрын шетелге гастрольге немесе демалуға шыққанда міндетті түрде бір бейнебаян түсіріп келетінбіз. Сол мемлекеттің мамандарына жүгінетінбіз. Болмаса жұрттың бәрі Өзбекстанға ағылатын. Қазір өте талантты режиссерлер шыңдалып шыға бастады. Біздің клипмейкерлер ешкімнен қалыспайды. Бұл өте қуанышты жағдай, еңбек ақылары да көңілге қонымды. Өз қолтаңбалары қалыптасқан, бір-біріне бәсекелес бола алады. Бәсеке бар жерде, сөзсіз сапа бар. Оның үстіне, қанша дегенмен, өзге жерде түсірілген бейнебаяндарда сол елдің менталитеті көрініп тұрады. 
– Демек, әр жанрда жұмыс істей алатын клипмейкерлер өзімізде де табылады ғой...
– Әрине. Кей режиссерлер жанрды түсінбеуі мүмкін. Түсінсе де, оның ізденетін бағыты бөлек. Мәселен, мен рэп, рок орындамаймын. Автордың көзқарасымен режиссердің идеясы бір жерден шығып, бірін-бірі түсінгенде ғана, жақсы өнім дүниеге келеді. Біз Асқар Ұзабаевтың студиясымен жұмыс істегенді дұрыс көреміз. Алты клипімізді өмірге әкелді. Ернар Нұрғалиевпен көп жағдайда көзқарасымыз үйлеседі. Сюжет идеясын кейде өзім ұсынамын, кейде ол өз ойын айтады. Менің көкейімдегіні дәл тауып, дамытып әкетеді. Бастысы, бейнебаян ән мәтінінен, мазмұнынан алыс кетпеуі керек. Керісінше, әннің табиғаты мен оқиға желісі бірін-бірі толықтырып отыруы тиіс. 
Ернармен қазан айында «Тақия» және «Айгүлім» бейнебаяндарын түсірдік. «Айгүлімді» алдағы концерт қарсаңында тамашалайтын боласыздар. 
– «Айгүлімнің» кейіпкері кім?
–  Бір күні студияға Әбдірахман Асылбеков келіп, «әнге сұранып тұрған бір өлең бар. Танысып көрші» деп қолындағы қағазын алдыма тастады. Екі рет оқып шықтым, өте ұнады. Әні бірден шықты. Мен де ол кісіден сіздің сұрағыңызды сұрадым. Әбдірахман аға «әркімнің өз Айгүлі бар» деп терең астармен жауап берді. Өлеңде де «Әркімнің-ақ өз Айгүлі бар шығар» деген жолдар бар.

– Бағана сөздің басында «ұжымда өзгеріс болды» деп қалдыңыз. Топтың құрамындағы жаңалықтарға тоқтала отырсаңыз...
– 2012 жылдан бастап музыканттардың қатары көбейді, орны ауысты. Қазіргі таңда алты адамбыз. Раим Хамраев, Рустам Хашимов, Ермек Дияров, Руслан Надыров, Александр Кузнецов және мен. Топты қаржыландыру оңай емес, дегенмен, шығармашылық ізденісті басты жолға қоюмыз.


– Продюсер ретінде көп салмақ сізге түсетін болар...
– Шынымды айтсам, продюсер деген сөзді ұнатпаймын. Өзімді осы ұжымның жетекшісімін деп есептеймін. Тек продюсерлік жұмыспен айналысып отырғаным жоқ, ән шығарамын, әрлеу жасаймын, топты басқарамын. Ал музыкалық продюсер ретінде Раш Тохтахуновқа көмектесемін. 
– Жаңа альбомда Бағым Мұхитденовамен дуэт орындапсыз...
– Бағым екеуміз бірге оқығанбыз, ұзақ жылдан бері доспыз. Өнерге көзқарасымыз бір. Бұл әнді бастапқыда басқа кісі орындауы керек еді, кейін өзім айтқым келді. Бірақ мәтіні дуэтке сұранып тұрғандықтан, Бағыммен дуэт жасауды жөн көрдік. Оның үстіне ән музыка жайлы, өнер адамдарының сахнадағы өмірі, тыныс-тіршілігі туралы. Алдыңғы толқын аға-апаларымыздың, қатарлас-замандастарымыздың басын қосып, алдағы уақытта клип түсіргіміз келеді. Соңғы бір жылдың ішінде қаншама жарқын тұлғаларымызды жоғалттық. Бір-бірімізді құрметтеуге, қадірлеуге, қолдауға шақыратын дүние болса деп ойлаймыз. 
– Баян Есентаеваның «Кешью» тобы мен жекелеген жобаларының әндерін әрлеумен сіз айналысатыныңызды көпшілік біле бермейтін сияқты...
– Кейбір кісілер менің композитор еке­німнен де хабарсыз. Сол сияқты «Кешью» тобы ғана емес, басқа да азаматтарға сіңірген еңбегіммен таныс емес. Баян ханыммен «Кешью» құрылғалы жұмыс істеп келе жатырмыз. «Сүгірдің термесі», «Әдемі қыз» менің қолымнан шыққан. «Ғашық жүрек – 2» фильміне музыка жаздым. Жанар Дұғалова және Жарқынай Ханайымның алғашқы туындысын әрлеп бердім. Көптеген әндерімді Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин бастаған қазақ эстрадасының өкілдері өз репертуарына қосты.  
Өкінішке қарай, қазір шоу-бизнесте кәсіби деңгейі төмен топтар мен әншілер қаптап кетті. Кейде эфирден тыңдауға ұяласың. Сондықтан эстрадалық музыкамызды дамыту үшін сапасын сараптау қажет. Тыңдарманымызды кәсіби музыка тыңдауға тәрбиелеуіміз керек. Бұл мәселені менен басқа да азаматтар үнемі көтеріп жүр, бірақ әлі күнге ешқандай нәтиже шықпай келе жатқаны өкінішті. 
– Өзіңіз қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасын қалай анықтайсыз?
– Ақын Шөмішбай Сариевпен біраз жыл қоян-қолтық жұмыс істедік. Сол кісінің арқасында қазақ тіліндегі өлеңдердің құрылымын, буын ерекшелігін, ұйқасын айыра алатын дәрежеге жеттім. Тіпті өзім кей сөздерді өзгертіп, орынын ауыстырып, «қайырма осындай сөзден басталса немесе шумақта болса» дейтін халге жеттім. Мен өз елімнің патриотымын. Қазақстанда тудым, білім алдым, азамат атандым. Ата-анамыз осы жерде дүниеге келіп, осы елдің суын ішті. Сондықтан өз Отанымды жырлап, мемлекеттік тілде ән жазамын, орындаймын. Әрине, ұлттық әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді де қатар алып келеміз. Жақында Сәния Исмайлмен халықтық жанрда дуэт жасадық. 
– «Әнім менің» альбомының тұсаукесері жасала ма?
– Жоқ, басы артық жиын-тойларды        ұна­та бермеймін. Интернет және басылым беттері арқылы халықтан сүйінші сұрап жатыр­мыз. Ұлан-асыр тұсаукесер жасағаннан гөрі, концерт өткізген тиімдірек. Кейде «не үшін диск шығарасың?» деп сұрайтын кісілер бар. Қазіргі уақытта, альбом шығарып, сатылымынан пайда көру мүмкін емес. Бұл бизнес 90 пайызға құлдырады деуге болады. Өйткені интернет арқылы тарату жолға қойылды. Соған қарамастан, еңбегің көзге көрінетін, қалаған адамыңа сыйлауға болатын жинақ шығарған ұнайды.
– Түрлі тұсаукесер, туған күн, мерейтой сияқты шараларда да төбе көрсетпейсіз. Бұның да себебі бар ма?
– Иә, оныңыз рас. Уақытты тиімді жұмсап, пайдалы істермен айналысуға тырысамын. Мүлде ешқайда шықпаймын деп айта алмаймын, өзіме ұнайтын, баруға тиіс қызықшылықтарға атсалысамын.

Әңгімелескен 
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

http://aikyn.kz/ru/articles/show/26616-k_zde_kesh_tk_zsek_degen_zhosparymyz_bar

 
Интересный материал? Поделись с другими: